Әрбір ересек адам үшін оның өміріндегі ең жақын әрі қадірлі нәрсе — бала. Оның жарық дүние есігін ашқанда іңгәлаған дауысы мен алғашқы жымиып, шалықтап күлген кездері, «апа», «әке» деген алғашқы сөздері өмірін мән-мағынаға толтырады. Бала үшін ата-ананың ыстық ықыласы мен мейірімінен артық не болмақ?
Көптеген отбасылар бала сүйгісі келеді, алайда бала асырап алу жайында шешімге келу оңай емес. Сонда й-ақ, бүгінгі қоғамда отбасылық бақыттан айрылған қаншама сәби бар. Қымбатты болашақ ата-ана, қиындықтан ешуақытта қорықпаңыздар! Жер бетіндегі ең үлкен бақыт – әке атану мен ана болу бақыты! Сәл ойланып көрсеңіз, дүниеге ұрпақ әкелуден де маңыздысы, оны азамат етіп, тәрбиелеп өсіру екендігіне көз жеткізер едіңіз.
Егер Сіз бала асырап алғыңыз келсе, республикамыздың кез келген аймағынан не болмаса тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органына барып, өтініш беруіңізге болады.
Өтінішке төменде көрсетілген құжаттарды қоса тіркеу қажет:
1) жұмыс орныңыздан лауазымыңыз бен еңбекақыңыз көрсетілген анықтама қағаз;
2) тұрғылықты мекен-жайыңыздағы үй кітапшасының көшірмесі;
3) тұрғын-жайға иелік, меншіктік құқығыңызды растайтын құжат;
4) сотталмағандығыңызды растайтын құқық қорғау органдарының анықтамасы;
5) денсаулық жағдайыңыз туралы емдеу-профилактика мекемелерінің медициналық қорытындысы;
6) (егер некеде болсаңыз) неке куәлігінің көшірмесі;
7) тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органдарының мамандары жасаған тұрғын үй-тұрмыстық жағдайыңыздың зерттеу актісі .
Қажетті құжаттарды тапсырғаннан кейін сізге баланы таңдап алу және онымен қарым-қатынас орнату үшін ата-анасының қамқорлығынан айрылған және жетім балаларға арналған мекемелерге жолдама береді.
Барлық мағлұматты толық алу үшін, баланың жеке іс-парағымен мұқият танысыңыз. Ең алдымен асырауға берілетін әрбір баланың денсаулық жағдайына байланысты тұжырымдама беретін медициналық комиссияның тексеруінен (асырап алушылар баланың медициналық диагнозының қырларына мән бермей, нәтижесінде асырап алудан бас тартып, бұл жағдай асырап алушыға да, асырауға берілетін бала үшін де трагедияға айналған жағдайлар жиі кездесіп қалады) өтетінін білген дұрыс. Өз қаражатыңыз есебінен өз бетіңізше медициналық сараптама жүргізуге де құқыңыз бар екенін ұмытпаңыз.
Баланың ата-анасы туралы ақпаратты (оның жетім немесе ата-анасының қамқорлығынан айрылғандығын, яғни мәртебесін растайтын құжаттарды) сұратуды ұмытпаңыз. Мысалы, егер баланың анасы ата-аналық құқығынан айрылған болса, ал әкесі бас бостандығынан айрылған болса, онда мұндай баланы әкесі қамаудан босатылғанша асырап алуға болмайды (егер әкесі асырап алуға жазбаша түрде келісім берсе, әрине онда мүмкіндік бар).
Егер Сіз кәмелетке толмаған ата-аналардың (18-жасқа толмағандардың) баласын асырап алғыңыз келсе, онда олардың ата-аналарының немесе қамқоршыларының (қорғаншыларының), егер ондайлар болмаған жағдайда–қорғаншылық пен қамқоршылық органының келісімін алуыңыз керек. Баланы асырап алуға байланысты ата-аналардың келісімі өтінішпен бірге тіркелуі тиіс, ол нотариуспен расталуы немесе ата-анасының қарауынсыз қалған бала қарауына берілген мекеме жетекшісімен, әйтпесе баланы асырап алу ісі бойынша немесе ата-аналарының тұрғылықты жері бойынша қамқоршылық пен қорғаншылық органымен, сондай-ақ, баланы асырап алу өндірісі бойынша сот отырысында тікелей расталуы керек.
Назар аударыңыз! Ата-аналар баланы асырап алу туралы сот шешімі шыққанға дейін асырап алу туралы өз келісімдерін қайтарып алуға құқылы.
Баланың ата-анасының оны асырап алуға байланысты келісімі талап етілмейтін жағдайлар:
- белгісіз немесе сотпен хабарсыз жоғалып кеткен деп танылса;
- сотпен дәрменсіз деп танылса;
- сотпен ата-аналық құқығынан айрылған болса;
- сот негізсіз деп таныған себептер бойынша, алты айдан артық уақыт баламен бірге тұрмаса және оның тәрбиесі мен оны асыраудан жалтарып жүрген жағдайлар бойынша.
Есіңізде болсын! Егер сіз он жасқа толған баланы асырап алғыңыз келсе, оның өз келісімі қажет болады. Бала асырап алу туралы өтініш білдіргенге дейін сіздің отбасыңызда тұрған болса және сізді ата-анасы ретінде санаса, онда асырап алу баланың келісімінсіз қарала береді.
Мұны білген дұрыс (оқып шығыңыз):
1) Қазақстан Республикасының Азаматтық-іс жүргізу кодексі (36-1 тарау. Баланы (қыз баланы) асырап алу туралы өтініштің өндірісі);
2) «Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (12 тарау. Бала (қыз) асырап алу).
Саламатсыздарма. Менин бала асырап алгым кыз бала болса деим 6 жасар. туракты жумыс орным бар. отбасымда бар