Массаж (уқалаушының) қызметі

массаж қызметі Қалаға арналған бизнес жоспарлар

Массаж бизнесі туралы

Адамдар қашанда денсаулық пен оны нығайтуға ерекше мән береді. Ең танымал рәсімдердің  бірі – массаж (уқалау). Бұдан бұрын бұл қызметті тек медициналық мекеме мамандары ғана жасауға құқылы болатын. Ал бүгін бәрі басқаша. Уқалау бойынша қызметті мынадай мекемелер көрсетеді: уқалау салондары, студиялар, сұлулық салондары мен фитнес-орталықтар.

Косметикалық және босаңсытатын уқалаумен айналысу үшін арнайы рұқсат қағаз бен лицензия алудың қажеті жоқ. Массаж бизнесі өзін-өзі тез ақтайды. Көп шығындалуды қажет етпейді. Негізгі шығыстар оқуға, тақтай төсек пен уқалауға арналған майлар алуға жұмсалады. Екі-үш ай ішінде таза табыс түсе бастайды. Оқудан бастау керек. Ең бастысы адам денсулығына зиян келтірмеу. Сондықтан да уқалаудың барлық тетіктерін үйреніп алу шарт.

Ғимарат

Массаж салонын ашу үшін сізге арнайы орын керек. Алайда бастапқы кезде уқалауды не өз үйіңізде, не клиенттің үйінде жасай аласыз. Ал егер сіз орынды жалға аламын десеңіз, болашақ клиенттеріңіздің санатын анықтап алу керек. Медициналық көрсеткіштері бойынша уқалауды қажет ететін клиенттер үшін салонның орналасуы үлкен маңызға ие емес, ал уқалаудан рахат аламын деушілер үшін салонның өз үйінің маңында орналасқаны ыңғайлы болады. Олар жалпы келетін клиенттердің 70 пайызын құрайды. Сондықтан да салонды элиталы шағын ауданда ашқан дұрыс.

Массаж салонының көлемі онда жұмыс жасайтын уқалаушылардың санына байланысты. Бір мезетте екі уқалаушының жұмысы үшін жеке кабинеттердің болғаны дұрыс.

Құрал-жабдықтар

Уқалау салонын ашу үшін арнайы жабдықтар керек: уқалау үстелі (75 000 теңге), тақтай төсек (20 000 теңге).

Бұдан бөлек уқалаушы жұмысы үшін арнайы майлар керек. Қарапайым уқалау үшін зәйтүн майы жарайды, ал қайта қалыпқа келтіру мен одан да күрделілері үшін эфир майларын қолдану керек. Майларды дәріхана қоймаларынан сатып алған дұрыс, себебі онда тауарларды бөлшек саудамен салыстырғанда 30 %-ға арзан бағамен жаппай сатып ала аласыз. 100 рет уқалау үшін бір эфир майының бөтелкесі жеткілікті. Масаж кабинетінде міндетті түрде, сүлгілердің болу керектігін де естен шығарып алмаңыз.

Технология

Жоғары сұранысқа ие, ең танымал уқалау түрлері – босаңсытатын және целлюлитке қарсы.  Клиенттердің 70%-ы уқалаудың осы түрлерін ұнатады.

Бастапқы кезеңде күніне 3-4 клиент қабылдауға болады. 2 маманы бар, екі жұмыс орнымен жабдықталған салон күніне 10 клиентті қабылдауға қауқарлы. Клиенттердің бұлай келуіне үш айда-ақ қол жеткізуге болады. Ер кісілер мен әйел кісілердің қабылдау кабиналарының бөлек болуын ескеріңіз. Сондай-ақ, ер клиенттерге ер уқалаушы, әйел кісілерге әйел уқалаушы алу шартын орындауды ұмытпаңыз. Осы жағдайды ескерсеңіз, бұл сұрақ клиенттеріңізді алаңдатпайтын болады.

Өткізу нарығы

Массаж салоны жайлы БАҚ-қа берілген жарнамалар аз нәтиже береді, ал тартымды маңдайша ілу, парақшалар тарату, ең бастысы сапалы қызмет көрсету клиенттерді тартуға айтарлықтай септігін тигізеді.

Массаж салонына негізделген бизнес мезгілге тәуелді. Бұл қызметке деген сұраныс, әсіресе, көктем айларында жоғары болады, өйткені адамдар жаз алдында денсаулығын нығайуға кіріседі. Ал жазда сұраныс төмендейді, қыста «орташа» деп бағалауға болады.

Болжамды есептеулер

1. Шығыстар:

  • орынды жалға алу40 м² x 1 200 теңге = ай сайын 48 000 теңге.
  • жабдықтар алу (үстел, тақтай төсек, орамал, май) — 250 000 теңге.
  • оқу курсына бару 4-5 апта (классикалық уқалау, I кезең) – 70 000 теңге.

Массаж салонын ашу үшін бастапқы шығын, орташа есеппен, 368 000 теңгені құрайды.

2. Табыс:

Классикалық массаж сеансының құны 4 000-нан 6 000 теңгеге дейін, босаңсытатын және шығыс массажы – 6 000-нан 8 000 теңгеге дейін.

Сіз күніне 4 клиентке қызмет көрсетсеңіз x 4 000 теңге – 16 000 теңге x 24 жұмыс күні – 384 000 теңге.

Алғашқы айда таза табыс 250 000 теңгені құрауы мүмкін.

Бизнесті бірнеше бағыт бойынша кеңейтіп, дамытуға болады:

  • СПА-салон;
  • массаж-косметологиялық салон;
  • саунасы мен бассейні бар демалу орталығы.

Массаж қызметінің ЭҚЖЖ-ы (ОКЭД)

Массаж қызметін көрсету бизнесімен айналысамын десеңіз, оған қатысты экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінің 3 түрі бар:

  • ОКЭД 96040 — массаж салоны;
  • ОКЭД 86900 — медициналық массаж;
  • ОКЭД 96020 — косметологиялық бет массажы.

 

Оцените автора
Пікір қалдырыңыз