Кешірім сұрау агенттігі

кешірім сұрау Қалаға арналған бизнес жоспарлар

Әр адамның өмірінде бір рет болса да істеген ісі үшін сүйіктілері, туысқандары не болмаса жай таныстары алдында кешірім сұрауға тура келген кездері болған шығар. Көпшілігі бұны бар ниетін көрсетіп жасай алмайды, «кешіріңіз», «ғафу етіңіз»  дегеннен басқа аузынан ештеңе шығармайды, ал бұл көбінесе жеткіліксіз болып жатады. Кейде  сөз тамаққа тіреліп, «кешір» деген қарапайым сөздің өзін айта алмай қаламыз. Қырсыққанда дәл осы қарапайым, бірақ айтуға соншалықты қиын сөздер қарым–қатынасты үзбеудің жалғыз ғана дәнекері қызметін атқаратыны рас.

Бұндай сәттерде адамдарға көмек қажет. Бұл да өз кезегінде бизнес үшін керемет идея. Қаржы салымдары тым аз, ал қызметтің бұл түріне деген сұраныс жоғары. Бұған бүгінгі күні көптеген қалаларда, оның ішінде Еуропа елдерінде кешірім сұрау қызметінің табысты жұмыс істеп жатқанын дәлел ретінде келтіруге болады.

Мынадай көріністі елестетіңіз. Сіз өзіңіздің екінші «жартыңызбен» ренжісіп қалдыңыз, бірақ ол сіздің кінәңіз емес делік. Үйде отырсыз, уайымдайсыз, ашуланасыз. Кенеттен есігіңізге қоңырау шалынады. Сіз есікті ашып, мынадай көріністі тамашалайсыз: есік алдында сіздің екінші «жартыңыздың» атынан кешірім сұраған хаты бар гүл шоғы немесе сыйлық тұрады. Мұнда музыкалық сүйемелдеу болса да жарасады. Міне, бұндай қадамнан кейін сүйіктісін қалай ғана кешірмесін?

Мінекей, бизнес‑идеяның негізгі мәні  – кешірім сұрау агенттігін құру.

Бұл үшін не қажет?

1) Жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелу;

2) Тапсырыстарды қабылдайтын кеңсе ашу;

3) Өз қызметі туралы жақсылап жарнама беру;

4) Бұл ретте ұшқыр қиялмен қатар үлкен ынта керек!

Технология және шағын маркетинг. Агенттік, бәлкім сіз түсініп те қойған шығарсыз, жұртшылықтан кешірім сұрау үшін тапсырыстар қабылдаумен және оларды орындаумен айналысады. Тапсырыстарды бағасына қарай  бірнеше санатқа бөлуге болады:

  • Телефон арқылы кешірім  сұрау – жай телефон шалып, тапсырыс беруші атынан ерекше түрде кешірім өтіну;
  • Үйіне барып кешірім сұрау – тапсырыс беруші көрсеткен мекен- жай бойынша алдын ала әзірленген және тапсырыс берушімен келісілген мәтінді пайдаланып кешірім сұрау;
  • Үйіне ертегі (мультфильм) кейіпкерінің костюмін киіп барып кешірім сұрау – тапсырыс беруші көрсеткен мекен-жайға келісілген уақытта барып, кешірім сұрау көрінісін жасау.

Бұндай санаттар көп болуы мүмкін, қызметке, мәселен, отшашуларды, музыкалық сүйемелдеумен сахналық шоуды қосуға болады, егер үй жоғарғы қабатта болмаса, онда терезе алдында, романс стилінде де жасауға болады, жалпы қосатын элементтер өте көп – барлығы тек қиялға байланысты. Агенттік қызметіне құттықтаулар жолдауды да қосуға болады.

Клиент кешірім сұрау агенттігінің қызметін кеңес алу үшін, кешірім сұрауды ұйымдастыруға көмектесу үшін ғана пайдаланып, қалған әрекетті өз бетімен жасаса да болады. Кешірім сұрау қызметінің көмегімен тек кешірім сұрап қана қоймай, сонымен қатар сезімдерін білдіруге де, кездесуге шақыруға да (бәлкім бұл алғаш рет болуы мүмкін), ренішін білдіруге де және т.б. жасауға болады.

Бұған қоса, кешірім сұрау қызметі кешірім сұраудың сәтті аяқталуына байланысты жауапкершілік алмауы керек. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, барынша жақсы жасалған кешірім сұрау шаралары адамның кешірім сұрауды қабылдамауына еш мүмкіндік қалдырмайды. Азаматтардың өздері де біреумен ренжісіп қалған жағдайда, көбінесе, кешірім сұрауды өзгеден күтіп, кешіруге кез келген уақытта әзір тұрады. Агенттіктің көрсеткен қызметінен оң тәжірибе алған клиент, міндетті түрде қайта хабарласады, сондай‑ақ өзінің достары мен таныстарына бұл туралы айтады, бұның өзі жарнаманың ең керемет түрі.

Штатқа міндетті тұрде психолог алу ұсынылады (бастапқы кезде біреуі де жетеді). Клиент проблемасының мәнін ұғынған соң, психолог қарым- қатынасты қалпына келтіру үшін қажетті сөздер таңдай бастайды. Ескеретін жайт, бұл сөздер жалпылама сипатта емес, тура сол қалыптасқан жағдайға байланысты болуы міндетті.

Сату. Кез келген бизнес өткізу бағыты мен маркетингі дұрыс жасалған кезде ғана сұранысқа ие болады. Бастапқы кезеңде жарнама да үлкен рөл атқарады. БАҚ‑қа жариялау, жарқылдатып жарнама беру сізге клиент тартуға жәрдемдеседі, бірақ ең жақсы жарнама қызметті өте сапалы ұсыну болып табылады.

Болжамды есептеулер.

1. Шығыстар:

  • ғимаратты жалға алу, ауданы  15-20 м²×1500 тг/ м² – 22 500-30000 теңге.
  • психологтың жалақысы  орындалған жұмыстың ауқымына және тапсырыстың санына қарай болады. Шамамен сағатына 1500 – 2000 тг.
  • жарнама, орта есеппен алғанда 15 000 теңге.

Барлығы: 70 000 теңге.

2. Табыс:

Сіздің табысыңыз тапсырыстардың санына байланысты болады. Қызмет көрсетулердің құны санатына байланысты, мәселен тапсырыс беруші атынан қоңырау шалу, ерекше түрдегі кешірім өтіну 1 500 теңге, қосымша атрибуттарды, костюмді көріністерді қолданумен үйіне барып кешірім сұрау және т.б. 3 500 теңгеден басталады. Бұнымен қоса, сіз костюмдерді театрдан, ойын‑сауық орталықтарынан қисынды бағаға жалға ала аласыз.

Оцените автора
Пікір қалдырыңыз

  1. Гуля

    Мұндай агенттік Ақтөбеде баяғыда ашылған.

    Ответить
  2. Гуля

    «Кешірмейтіндерді» келістіретіндер
    21 қаңтар 2010 | 0 пікір

    Ақтөбе қаласында «Кешірім сұраушыға көмек» орталығы ашылды. Бұл орталықтың негізгі қызметі — жақындарын, таныстарын, сүйгендерін өкпелетіп алған адамдардың олардан кешірім сұрауларына көмектеседі.

    Ендігі жерде ұрысқан екі адамның біреуі екіншісінен қалай кешірім сұрарын білмей, «бетіне қалай қараймын» деп басы қатса, осы орталық мамандарының көмегіне жүгінулеріне болады. Ол үшін «кешірім сұраушыға көмек» қызметінің телефонын теріп, кешірім сұрайтын кісінің мекен-жайын, телефон нөмірін айтсаңыз болды. Ары қарайғы жұмысты орталық мамандарының өздері реттейді, телефон шалып, өкпелеткен адамның атынан «үлкен» кешірім өтінеді, жылы сөздер айтып, ашуын басады, керек десеңіз, айтылған мекен-жайға бір шоқ гүл, түрлі сыйлықтар апарып берулері де мүмкін. Әдемі сөздермен хат жазып, оларды айтылған мекен-жайға апару да, барған кісісі хатты оқығысы келмесе, сол жерде хатты тыңдаушының жүрегіне жеткізіп оқып беру де орталық мамандарының қызметі. Әйтеуір, «бетіңді көрмеймін» деп безеріп отырғанның бетін бері қаратады. Осындай қызмет түрін ашуға ұсыныс білдірген психотерапевт-дәрігер Ирина Гречконың айтуынша, бұл қызмет ренжіскендерді татуластырудың ең тиімді жолы.

    — Жүйкесі жұқарғандардың қатты керісіп, бір-бірін кешірмейтіндей болып ренжісулері бүгінде көптеп кездеседі. Кейіннен ашулары басылған соң, кешірім сұрау үшін бірінші қадамды қалай жасарларын білмей, уақыттарын өткізіп алады. Мүмкін олардың екеуі де бір-бірінен кешірім күтіп жүрген шығар. Сондай уақытта біздің қызметке жүгінуге болады. Бұл идея менің басыма баяғыда-ақ келген. Енді, міне, осы ойым іске асып отыр. Біздерге жақында күйеулері мен балалары үшін туған апасымен қатты жанжалдасып қалған әйел келді. Ол өзінше кешірім сұрауға ниеттеніп көрген екен, бірақ ашулы апасы бір сөзге де келмей, айғайлап тастаған. Ақыры апалы-сіңілілерді біздің мамандар татуластырды. Біздің мамандар ренжіген адамға екіншісінің қалай өкініп отырғанын, кінәсіз екенін түсіндіруге тырысады, — дейді ол.

    Қызмет — ақылы. Бастапқы бағасы — 500 теңге. Көмектің жеңіл, күрделілігіне қарай бағасы да өзгеріп отырады. Ал өкпелеген кісінің үйіне барып кешірім сұрау — 2000 теңге тұрады.

    Қазақта «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Алғашқы кешірім сұраған адам Алланың жағында», «Кең болсаң, кем болмайсың» деп сабырға, кешірімді болуға шақыратын даналық сөздер жетерлік. Дегенмен, халық үшін ашылған қызметтің де керек кезі болып қалар.

    Ответить