2021 жылғы 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша Қазақстанда 239,8 мың бас түйе бар, оның 90%-ы немесе 217 639 басы бес облысқа тиесілі (Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Атырау, Ақтөбе). Жалпы, республикада түйелердің тең жартысы (118 мың бас) жеке меншікте өсіріледі.
Айта кету керек, 1986 жылы елімізде 128 мың түйе болған. Бұл қазіргі көрсеткіштен екі есе жуық төмен.
Түйе басынан төртінші орындағы Түркістан облысы бір жылда 11%-ға өсіп, 36 660 бас түйемен 3-орынға шықты. Бұл қарқынмен алдағы бесжылдықта Қызылорда облысын да басып кетуі мүмкін. Бұған Түркістанда салынған түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын зауыт әсер етсе керек. Пандемия кезінде бұл зауыттың жұмысы тоқтап тұрды, дегенмен оған дейін шамалы уақыт жұмыс істеуі Қызылорда қаласында шұбаттың бағасын екі есе көтеріп жіберді және бірқатар шаруашылықтар осы зауытқа сүт өткізу үшін несие алып, түйелер сатып алған болатын. Сонымен қатар оңтүстік көршілер біздегі түйе бағасын 1 млн.теңгеге дейін көтеріп жіберді. Жуырда аталған зауыт қайтып іске қосылады деген сөз бар. Шаруалар асыға күтуде.
Түйе саны бойынша Алматы облысы 6-орында, онда небәрі 8908 бас түйе бар. Дегенмен, түйлердің 94%-ы жекелерде емес шаруашылықтарда.
Сондықтан болар олар түйе шаруашылығына ата кәсіп ретінде емес табыс келтіретін экономикалық ресурс тұрғысынан қарайды.
Олар Алматы қаласын шұбатпен қамтып отыр. Бір ғана «Дәулет-Бекет» ЖШС-да 5 мыңға жуық түйе бар. Облыс пен Алматы қаласында шұбатханалар желісі болса, жуырда Іле ауданында қуаты айына 30 тонна түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын зауыт іске қосты.
Пандемия денсаулықтың бірінші байлық екенін көрсетті. Халық шама шарқынша табиғи өнімдерді тұтынудың маңыздылығын түсінді.
«Қой мырзалық, жылқы сәндік, түйе байлық» — демекші, алдағы жылдары түйе шаруашылығының дамуының куәгері боламыз.