Үлкен қалаларда жекеменшік балабақша ұйымдастыруға қажеттілік байқалуда. Мұндай қажеттіліктің себебі түсінікті – ата-аналардың қолы бос емес, балаларға қарайтын ешкім жоқ, ал мемлекеттік мекемелерде бос орын табу өте қиын. Жастарына қатысты психологияға сәйкес, ерте және мектепке дейінгі балалық шақта (1 жылдан 6 жасқа дейін) бала тұлға ретінде дамиды, әлеуметтік топқа жатады. Сондықтан да осы жаста қалыптасатын тәлім-тәрбие, білім мен әдет баланың одан кейінгі дамуына қатты әсер етеді. Сондықтан да балаға жақсы мектепке дейінгі білім беретін, оны жақсы қарайтын ақжүрек, сезімтал педагогтар қызмет ететін балабақша ашу маңызды.
Неден бастау керек? Бірінші кезекте заңды тұлға ретінде тіркелу қажет. Одан кейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің жергілікті атқарушы органына барып, лицензия, СЭС қорытындысын алуы керек (оны алу үшін жөндеуден өткен ғимарат пен балабақшаның жақсы материалдық техникалық базасы болуы тиіс), СЭС нұсқауы бойынша бірқатар зерттеулер жасалуы тиіс (жарықтандыру, радиация өлшемі, балабақшаға келетін су анализі және т.б.), өртке қарсы қызмет қорытындысы (тегін беріледі, бірақ барлық өртке қарсы талаптар, оның ішінде өрт дабылы, өрт дабылына қызмет көрсетуге қатысты келісім, өрт сөндіру жабдықтарымен қамтылуы толық орындалуы керек) қажет.
Ғимарат. Ол тұрғын үйдің немесе жеке ғимараттың бірінші қабатында орналасуы тиіс, оның балалар алаңы үшін жанама территориясы болуы міндетті. Сонымен қатар паркингтің болғаны да дұрыс (бірақ балалар алаңынан алыс болуы керек).
Жекеменшік балабақша үшін ғимаратқа қойылатын ерекше талаптар. Топтарға арналған ғимарат алаңдары: шешінетін жер (қабылдау) – алаңы 18 м²-ден кем емес; ойнайтын бөлме – алаңы 50 м²-ден кем емес (ясли топтары үшін 1 балаға 2,5 м²-ден кем емес, мектепке дейінгі топтарда 2,0 м²-ден кем емес деген есеп бойынша); буфет — алаңы 10 м²-ден кем емес; ұйықтайтын бөлме –алаңы 50 м²-ден кем емес; (ясли топтары үшін 1 балаға 1,8 м²-ден кем емес, мектепке дейінгі топтар үшін — 2 м²-ден кем емес деген есеп бойынша); дәретхана – алаңы 16 м²-ден кем емес (ясли топтары үшін 1 балаға 0,8 м²-ден кем емес деген есеп бойынша).
Құрал-жабдықтар. Балалар үшін шағын балалар жиһазы — үстелдер, орындықтар, кереуеттер, шкафтар; балалар ойыншықтары, балалар алаңдары, спорттық жабдықтар, кеңсе заттары, үлкен теледидар және т.б.
Технология. Балабақшаға балалар 3 жастан бастап қабылданады, топтар жас бойынша қалыптасады. Топтарда 12-ден артық бала болмауы керек. Қызметі мен бос уақыты жұмыс күнінің басынан басталады – сағат 8‑ден ең «соңғы балаға» дейін, 4 рет тамақтанады, ойындар мен сабақтар, серуендеу, күндізгі ұйқылары мен бос уақыттары ұйымдастырылады.
Тамағына таңғы ас, түскі ас, бесіннен кейінгі ас және кешкі ас кіреді. Барлық азықтың сапасы жоғары, белгілі бір дәрумендер құрамы болуы керек және балалар ерекшеліктерінің ескерілуі (аллергиялық реакциялар және т.б.) тиіс, ас мәзірі әр маусымға құрылады.
Балабақшаның дағдылы міндетті шарты – бұл балалардың күндізгі ұйқысы, (13.00-15.00), себебі ол мықты денсаулық пен жақсы дамуды қамтамасыз етеді.
Дамытатын ойындар, үйірмелер мен дене қозғалыстарын жүргізуге арнайы әдістемелер жасалуы керек (жаттығу, спорт ойындары). Жарыстар, театрға, жануарлар мен құстар көрмесіне және т.б. баруды ұйымдастыру ұсынылады. Балалар мерекесін және ертеңгіліктер ұйымдастыру (ата-аналар келісімімен) құпталады.
Қызметтер кешені. Балаға қарау мен білім беру және оларды тәрбиелеудің толық кешені ұсынылады. Сондай‑ақ әртүрлі қызметтер түрі мен формасын ұсынуға болады: жыл бойғы тәртіп; үйірмелер мен білімнің көптеген түрлері: математикаға, логикаға және т.б. оқыту. Эстетикалық даму — ырғақ, музыка, би, бейнелеу, ән; балалар мерекесін және ертеңгіліктер өткізу; қуыршақ театрына, драма театрындағы балалар спектакліне баруды ұйымдастыру; жануарлар мен құстар көрмесіне баруды ұйымдастыру.
Бұның барлығы, әдетте, ата-аналардың тілегіне орай жасалады.
Қызметкерлер. Педагогтар (тәрбиешілер), медицина қызметкерлері, менеджер, қызмет көрсету жұмысшылары (мәселен ас үй), көмекші қызметкерлер (күтуші, жинаушы және т.б.), күзетші.
Сату. Балабақшаның қызметін табысы жоғары (орташасы да болуы мүмкін) қызметкерлер, сондай‑ақ ауқатты отбасылар мен бизнесмендер пайдаланады. Бұл жобада жұмыс кестесінің икемділігі мен әр балаға жеке күтімнің болуы басты рөл атқарады. Ауқатты қызметкерлер, өз баласының қамын ойлайтындар мемлекеттік мекемелерде бос орындардың болмауына байланысты міндетті түрде жекеменшік балалар бақшасының қызметін пайдаланады.
Болжамды есептеулер.
1. Шығыстар:
Сіз он балаға арнап балабақша аштыңыз делік (ясли тобы).
- ғимаратты жалға алу – 120-130 м² x 800-1 000 теңге = ай сайын 96 000-104 000 теңге (өз ғимаратыңыз болмаса).
- балабақша ашуға лицензия алу 10 АЕК x 1 413 теңге = 14 130 теңге.
- балалар жиһазы (үстел + орындық) – 10 кісіге x 12 000 теңге = 120 000 теңге.
- балалар керуеті – 10 тал x 10 000 теңге = 100 000 теңге.
- ойыншықтар – 30 000 теңге.
- асүйге арналған жабдықтар (плита, ас үстелі, тоңазытқыш, ыдыс-аяқ және т.б.) – 100 000-110 000 теңге.
- қызметкерлер жалақысы (1 тәрбиеші, 1 күтуші, 1 аспаз, 1 асүй жұмысшысы, жинаушы және кезекші тәрбиеші) – ай сайын 250 000-260 000 теңге.
- азық‑түлік — ай сайын 90 000-100 000 теңге.
Барлығы: шамамен 800 000 теңге. Ескеретін нәрсе, шығыстардың 50%-ға жуығы бір реттік шығыстар.
2. Табыс:
Жекеменшік балабақшаның бағасы бір балаға айына 40 000 — 45 000 теңге x 10 балаға = ай сайын 400 000 теңге.
Осылайша бизнестің өзін‑өзі ақтау мерзімі 3-4 айды құрайды.
Ескеретін жайт, бүгінгі күні барлық жерде «Балапан» бағдарламасы жүзеге асуда, ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін ұсынады. Сондықтан, жекеменшік балалар бақшасының қызметіне жүгінген ата-аналар осы бағдарламаның қатысушысы бола отырып, ай сайын балабақша төлемінің бір бөлігін ғана өтейді де, ал қалған бөлігін жергілікті әкімдіктер төлейді. Мәселен, егер Астанада жекеменшік балабақшаның қызметтері 35 000 теңге болса, онда ата‑аналары ай сайын 25 000 теңге төлейді, ал мемлекет атынан әкімдіктер қалған 10 000 теңгені өтейтін болады. Бұл мемлекеттік балалар бақшаларында орынның жетіспеуі кезінде ата-аналар үшін жақсы балама болып табылады.