Әрекет етпейтін салық төлеуші деген кім?

Әрекет етпейтін салық төлеуші Бизнесхақ

Мемлекеттік кірістер комитетінің 2022 жылғы 29 қаңтардағы мәліметіне сәйкес Қызылорда облысы бойынша әрекет етпейтін салық төлеушілер саны – 729 бірлік, олардың ішінде 410-ы – заңды тұлға және 319-ы – дара кәсіпкер.

Әрекет етпейтін салық төлеуші деген кім, бұл мәртебе несімен қауіпті және одан қалай құтылуға болады деген сұрақтар туындауы мүмкін. Осыларға жауап берейік.

Салық кодесіне сәйкес әрекет етпейтін салық төлеушілерге әрекет етпейтін заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер жатады.

Дара кәсіпкер Салық кодексінде белгіленген ұсыну мерзімінен кейін бір жыл өткен соң салықтық кезең үшін:

1) жеке табыс салығы бойынша декларацияны ұсынбаса;

2) егер көрсетілген салықтық кезеңнен кейінгі үш салықтық кезең үшін ойын бизнесі салығы, тіркелген салық бойынша декларацияны ұсынбаса;

3) егер көрсетілген салықтық кезеңнен кейінгі екі салықтық кезең үшін жеңілдетілген декларацияны ұсынбаса;

4) соңғы патенттің қолданылу мерзімі аяқталған күннен бастап екі жыл ішінде патент құнының есебін ұсынбаса, әрекет етпейтін дара кәсіпкер болып танылады.

Заңды тұлға Салық кодексінде белгіленген ұсыну мерзімінен кейін бір жыл өткен соң салықтық кезең үшін:

1) корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны ұсынбаса;

2) егер көрсетілген салықтық кезеңнен кейінгі үш салықтық кезең үшін ойын бизнесі салығы, тіркелген салық бойынша декларацияны ұсынбаса;

3) егер көрсетілген салықтық кезеңнен кейінгі екі салықтық кезең үшін жеңілдетілген декларацияны ұсынбаса, әрекет етпейтін заңды тұлға болып танылады.

Жеке кәсіпкерлік субъектісі әрекет етпейтін салық төлеуші болып танылса:

  • банктік шоттар аша алмайды;
  • қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебінен шығарылады.

Айта кету керек, әрекет етпейтін салық төлеушілер туралы мәліметтер салықтық құпия болып табылмайды және Мемлекеттік кірістер комитетінің интернет-ресурсында жарияланады.

Дара кәсіпкердің немесе жауапкершілігі шектеулігі серіктестіктің әрекетсіз деп танылғн салық төлеушілердің тізіміне енгізілуін Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан (kgd.gov.kz) тексеруге болады. Ол үшін:

«Электрондық сервистер» айдарынан «Барлық сервистерді» таңдайсыз.

Мемлекеттік кірістер комитетінің порталы

«Бизнеске көмек» айдарынан «Сенімсіз салық төлеушілерді іздестіру» қызметіне өтесіз.

сенімсіз салық төлеушілерді іздестіру

«Сенімсіз салық төлеушілердің тізімі» басып, «Әрекетсіз деп танылған салық төлеушілердің тізімін» таңдайсыз.

әрекетсіз деп танылған салық төлеушілердің тізімі

Тізімді тарқатып, қажетті өңірді таңдайсыз.

Қызылорда облысы бойынша әрекетсіз салық төлеушіліер

Кәсіпкерді әрекет етпейтін салық төлеушілердің тізімінен алып тастау болады. Кәсіпкер ол үшін:

  1. салықтық есептілікті ұсыну бойынша салықтық міндеттемені орындау;
  2. салықтық есептілікті белгіленген мерзімде ұсынбағаны үшін айыппұлдарды төлеу қажет.

Барлық міндеттемелерді орындағаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде кәсіпкер әрекет етпейтін салық төлеушілердің тізімінен алынып тасталады. Оны мемлекеттік кірістер комитетінің порталынан тексеруге болады.

Мақала пайдалы болды деп үміт етемін. Онда пікір қалдырыңыз, мақаланы бағалаңыз және әлеуметтік желілерде достарыңызбен бөлісіңіз.

Сәлем!
Мен "Basta!" жобасының жетекшісімін. Каир университеті Сауда факультетінің түлегімін. Қазір Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасында жұмыс жасаймын.
Бос уақытымда инкубатор жасаумен шұғылданамын.

Оцените автора
Пікір қалдырыңыз