Кейбір жағдайларда кәсіпкерлер кәсіптерінің аражігін ажырату мақсатында дара кәсіпкер ретінде де тіркеліп, заңды тұлғаны да құруда. Бұл кәсіпкерлік субъектілерінің барлығына арнаулы салық режимін қолдануға болады ма деген сұрақ туындауда.
Мысалы, жеке тұлға арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс жасап жатса, енді ол осы салық режимінде жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) құра алады ма немесе оның қатысушысы бола алады ма?
Салық кодексінің 683-бабына сәйкес шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолдануға құрылтайшысы (қатысушысы) бір мезгілде арнаулы салық режимін қолданатын басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы) болып табылатын заңды тұлғалар құқылы емес.
Сонымен бірге, Азаматтық кодекстің 33-бабына сәйкес оқшау мүлкi бар және сол мүлiкпен өз мiндеттемелерi бойынша жауап беретiн ұйым заңды тұлға деп танылады.
Ал, Кәсіпкерлік кодексінің 30-бабына сәйкес жеке тұлғалардың таза кіріс алуға бағытталған, бастамашыл қызметi дара кәсіпкерлік болып табылады.
Демек, дара кәсіпкер заңды тұлға болып табылмайды. Сондықтан оған Салық кодексінің 683-бабымен салынған шектеулер қолданылмайды.
Сол себептен бір уақытта арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс жасауға және жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) құруға немесе оның құрылтайшысы болуға болады.
Бірақ, жеке тұлғаға арнаулы салық режимін қолданатын бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің құрылтайшысы болуға болмайды. Өйткені ЖШС заңды тұлға болғандықтан, оған Салық кодексінің 683-бабымен салынған шектеулер қолданылады.
Шағын бизнес бойынша сұрақтарыңыз болса, «Ақыл қалтасы» айдары сілтемесіне бассаңыз болады.