Фонтан десе көбіміз саябақтар мен гүлзарларды елестетеміз. Алайда фонтандар саябақтарды әсемдеу үшін ғана емес, саяжай, үй, кеңсені безендіру үшін де қолданылады. Соңғы кездері кішігірім фонтандарға деген сұраныс өсе түсті. Декоративті фонтандарды өндіру көп шығындалуды қажет етпейді. Үй жағдайында бұл іспен айналысу көп табыс әкелетін бизнес түрі болып табылады. Аз шығындалып-ақ, жақсы табыс табуға болады.
Технология. Фонтандардың жүйесі бірдей, суды айналдыруға негізделген. Арнайы сорғыш суды үстіне қарай тартады, сосын су арнайы ыдысқа қарай ағады. Жалпы бұл тұйықталған цикл болса да, суды анда-санда ауыстырып тұру керек, себебі су буланып азаяды, ал бұл фонтанның дұрыс жұмыс жасамауына әкеп соқтырады.
Фонтандағы суды айналдырып тұру үшін электр сорғыш қолданылады. Сорғыштың жұмыс жасауы үшін арнайы адаптер не 12 вольтты аккумулятор қажет. Егер қысымды көбейтсеңіз, онда судың ағу күші артады. Егер су тым жоғары көтеріліп ақса, онда фонтан үлкенірек болуы тиіс.
Енді безендіру мәселесін шешу керек. Декоративті кішігірім фонтанның негізі ретінде қақпағы бар кез-келген ыдыс жарайды. Мұнда ыдыстың диаметрі маңызды. Қақпақ тығыз жабылып тұруы қажет. Ал жақсы жабылмай тұрса, онда желім қолдануға болады.
Енді қақпақты безендіреміз, фонтан дизайнының қандай болатыны соған байланысты. Қақпақтың бірнеше жеріне тесік жасалады да оған түтікшелер жалғанады. Түтікшелер иілгіш немесе алюминийден жасалған болуы мүмкін. Түтікшелер төменгі жағынан астындағы ыдысқа жетіп тұруы керек, ал үстіңгі жағынан жоспарланған фонтан биіктігінен 5-10 см-ге ұзынырақ болғаны дұрыс. Тым ұзын болып кетсе, олардың ұштарын кесіп тастау қиын емес. Одан кейін түтікшелердің айналасына дизайн негізін жасаймыз. Көп жағдайда цемент пен майда тастардан жасалған қоспалар қолданылады. Қай жерге бармасаңыз да (саяжай, дала, теңіз) әдемі тастарды байқап жүріңіз. Тастың түсі мен пішіні ерекше болған сайын фонтанның дизайны да әдемі болады. Жан-жағыңызға қарап жүріңіз, көзге бірден түсетін ұнамды заттарды (тастар, бұтақтар, түптер) байқап қалуға тырысыңыз, мұның бәрі фонтандарыңызды безендіруге қажет болады.
Негіз үшін цементті қақпақтың үстіне құйыңыз, оның қатуын күтпей тастан ою жасау арқылы фонтанның ландшафтын бірден бастаңыз. Су ыдыстың ішіне құйылып, ландшафт бойымен ағып тұруы үшін ландшафтың астыңғы нүктесінде ойық жасап қойыңыз, тесік жасауды да ұмытпаңыз, сонда су ыдысқа бірден ағып кетпей, кішігірім көл сияқты болып тұрады.
Бұл іс үшін шығармашылық адам болу міндетті емес. Көбінесе ретсіз тасталған тастардан әдемі идеялар туып жатады. Мұнда түрлі материалдар жарай береді (оларды ландшафқа жапсырып қоюға болады). Бірақ суда бүлінбейтін заттарды пайдаланған жөн. Әйтпесе, жағымсыз иістің бөлінуі әбден мүмкін.
Дизайнын әсемдеуді аяқтасаңыз, фонтанды іске қосу ғана қалды.
Сату. Декоративті фонтандар қолдан жасалады. Олар эксклюзивті тауар болғандықтан жоғары сұранысқа ие. Олар интерьерге қажеті заттар, кәдесыйлар дүкендері мен жергілікті базарларда, не интернет-дүкендері арқылы сатылады. Тапсырыс бойынша да жасауға болады, ол үшін БАҚ-қа жарнама беру керек. Көздің жауын алар жарнамалар тарату қосымша клиенттер табуға септігін тигізеді.
Болжамды есептеулер.
1. Шығыстар:
Шығыстар бөлігіне электр сорғыштар, адаптерлер немесе аккумуляторлар, цемент пен контейнерлерді (ас ыдыстары) сатып алу кіреді. Нәтижесінде бір фонтан шығыны 5 000-6 000 теңгені құрайды.
2. Табыс:
Фонтанның орташа бағасы 10 000-15 000 теңге және одан жоғары. Баға сұраныс пен жеке тапсырыстарға байланысты. Бұл бизнестің шығынынан гөрі табысы әлдеқайда көп болатыны сөзсіз.