Құндыз – бұл суда жүзетін өте жылы әрі әдемі терісі бар егеуқұйрық. Құндыз терісінің түсі әртүрлі: ашық сұрдан қою қараға дейін. Ең сирек кездесетін тері өртеңі бар сұр түсті терілер, бұларға сұраныс та ерекше.
Неден бастау керек? Құндыз өсіру ерекше салым мен арнайы дайындықты қажет етпейді. Ең алдымен құндыздың не екенін және құндыз өсіру бойынша бизнесті басынан бастап ұйымдастырып, қалай одан пайда табуға болатынын біліп алу керек.
Тұқымдары. Біздің елімізде және шетелдерде стандартты және түстері әртүрлі құндыздарды өсіреді. Жамылғы түктің түсінен құндыздың 10 мутациясы (стандартты түстен ауытқу бойынша) мен 7 біріктірілген түрлерін ажыратуға болады.
Стандартты құндыздар ең көп тараған түрі, олар сыртқы сипаты бойынша құндыздың жабайы түріне өте ұқсас. Стандартты құндыздарда қара-қоңыр түс басымдыққа ие, ал жамылғы түктің жалпы түсі мен реңінің әртүрлілігі негізінен ұзын пішілген түктің түсімен анықталады. Олар жоғары көбейгіштігімен ерекшеленеді (5-6 күшік), жақсы аналық қасиетке ие.
Құндызды өсіру. Құндызды жылдың кез келген айында иеленуге болады, бірақ жануарды тасымалдау кезінде, мәселен жылдың суық мезгілінде ортаның жайлы әрі жылы болуын қамтамасыз ету керек. Өсіру барысында құндыз ерекше күтімді қажет етпейді.
Құндызды ұстауға арналған қора‑қопсы немесе тор жасау барысында олардың жартылай су астында жүретінін ескеру керек. Бұндай жануарларды «сусыз» ұстау тәжірибесі де кеңінен қолданылып келеді: бассейнсіз торлар айтарлықтай арзан тұрады, құндызды бағу да жеңілірек, жемге кететін шығындар да суда ұстағанға қарағанда 10-20% төмен.
Бассейнсіз де құндыздарды өсіруге болады, бірақ ондай кезде терінің сапасы жоғарғы деңгейде болмайды, өйткені жануардың оны күтетін мүмкіндігі болмайды. Суды пайдаланатын құндыздардың денсаулығы басқа жағдайда өсетіндерге қарағанда әлдеқайда мықтырақ. Қыстың күндері жануарлар құйрығы мен аяқтарын үсітіп алмас үшін бассейннен суды төгіп, оны сабанмен толтырған жөн. Қатты аяздарда үйшіктерді сабанмен немесе шөппен жауып, ішкі жүгіретін аулаларында төсеніштің көп болғаны дұрыс.
Құндыз жемі. Жемді тәулігіне 2 рет береді. Негізгі жем ретінде жаздың күндері көк шөп, ал қыста сабан, құнды астық түріндегі концентраттар, тамыржемістілер, көкөністер, нан өнімдерінің қалдықтары, құрама жемдер пайдаланылады. Алдымен концентраттар, сосын сулы және қатты жемдер беріледі. Көгерген, шіріген немесе топырақпен араласқан жемді қоспа түрінде де, жеке де беруге болмайды. Енесін еметін және жаңа туған кезде күніне үш рет жем беру керек.
Көбейту. Құндыздар көбейетін белгілі бір маусымды күтпейді. Олар жем беру мен бағудың жақсы жағдайында жыл бойы шағылыса алады. Еркектері мен ұрғашыларының шағылысу жасы әдетте 4-5 айлығында басталады. Шағылысуға жетілген ұрғашылары үнемі белсенді. Құндыздардың буаздығы орта есеппен алғанда 5-7 күндік құбылуымен 132 күнге созылады. Туулары көбінесе түнде болады және ол 20 минуттан 3-4 сағатқа созылады.
Аналықтары күшіктерін екі айға жуық емізеді. Күшіктердің барлығын бірге жеке торға немесе сол жастағы, шамамен бірдей дамыған басқа енелердің күшіктерімен бірге орналастырады.
Сату. Құндызды бірден бірнеше бағытта өткізуге болады. Бұл оның етін, терісін, сондай‑ақ өсіп келе жатқан күшіктерін сату дегенді білдіреді. Құндыздың еті қоянның етінен кем емес, ал терісі әлдеқайда құндырақ, әртүрлі түске ие, сапасы жағынан да қаракүзенге (норкаға) ұқсайды, төзімділігі жағынан тіпті олардан артық.
Құндызды өсіруге қатысты бизнесті бастау үшін әлеуетті сатып алушыларды іздеу мақсатында Сіздің қалаңыздағы барлық мейрамханаларға қоңырау шалып шығу қажет. Егер жоспарланған сұраныс байқалмаса, сіздің өніміңізді базарға ет сататын саудагерлерге өткізуге болады. Бағалы теріні тігін фабрикаларының жеткізушілеріне сатуға болады. Құндыздың жас төлі мен тауарға арналған ересек құндызды тұрақты өткізу нарығы кезінде өсіру және сату айтарлықтай табыс әкелуі мүмкін.
Табысты есептеу. Есептеп көрейік, құндызды өсіру жөніндегі бизнес‑идея қандай табыс әкеледі екен.
Құндыздың екі жұбы үшін шамамен 15 000 теңге беру қажет. Құндыздың ұрғашысында 5-6 күшіктен болады. Кемінде жылына 2-3 күшік алуға болады. Жануарды бауыздау үшін оларды 6 айлық жасқа дейін өсіру керек. Құндызда шамамен1,5 кгет болады, ол базарда шамамен 4 000 теңге тұрады. Яғни, 6 айдан кейін бизнестің бұл идеясы алғашқы пайдасын әкеледі, ескере кететіні, бұл тек құндыз етін сатқаннан түсетін пайда.
Мәселен, 5 құндыз x 1,5 кг x 4000 теңге = 30 000 теңге.
Бір теріні базарда 2 000-2 500 теңгеге сатуға болады, бәрі өңдеу сапасына байланысты.
Мәселен, 5 тері x 2 000 теңге = 10 000 теңге.
Шығар қорытынды, егер тек бір ғана жұп құндызды ұстасаңыз, онда 6 айдан кейін мынадай табыс алуға болады: шамамен 30 000 теңге, және жануардың терісі үшін 10 000 теңге, сомасы – 40 000 теңге. Ал егер бір ғана жұп емес, мәселен он жұп болса ше?